Коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау: монополистерге 418 миллион теңге айыппұл салынды
Коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау: монополистерге 418 миллион теңге айыппұл салынды
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ҚР ҰЭМ ТМРК) коммуналдық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды басты басымдықтардың бірі ретінде қарастырады. Оның құзыретіне заңбұзушылықтарды жедел анықтау, жеткізушілердің адалдығына мониторинг жүргізу, сондай-ақ электр, жылу, су және газбен жабдықтау салаларындағы қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін бақылау кіреді.
2024 жылдың сегіз айында ТМРК мен оның аумақтық бөлімшелері 11 жоспарлы көшпелі және 145 жоспардан тыс тексеру жүргізді, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,8%-ға артық. Бақылау шаралары барысында 109 заңбұзушылық анықталып (38%-ға өсім), олар бойынша 109 нұсқама берілді (62,7%-ға өсім). Бүгінгі таңда 64 нұсқама толық орындалды, қалғандары шағымдану кезеңінде.
Нәтижесінде 180 әкімшілік іс қозғалып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 418,3 млн теңгені құрады. Бұл соманың 153,3 млн теңгесі өндіріліп, бюджетке түсті. Салыстыру үшін айтсақ, 2023 жылдың алғашқы сегіз айында 120 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 79 заңбұзушылық анықталған және 67 нұсқама шығарылып, оның 44-і орындалған болатын.
Тексерулердің тиімділігіне цифрлық құралдар кешені ықпал етуде. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ықтимал заңбұзушылық қаупінің деңгейіне қарай тексерулерді белгілейтін автоматтандырылған Тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) жұмыс істейді. 2024 жылдың маусымында ТБЖ Smart Data Ukimet (SDU) талдау платформасымен біріктірілді. Осының арқасында заңбұзушылықтар туралы деректер нақты уақыт режимінде түседі, табиғи монополиялар субъектілері тәуекел дәрежесі бойынша автоматты түрде жіктеледі, ал жоспарланған тексерулер туралы хабарламалар адамның қатысуынсыз қалыптасады.
Тұтынушылар ҚР ҰЭМ ТМРК-ге қолданыстағы тарифтер, жеке есептеу приборларын орнату және пайдалану, шарттардың талаптары, желілерге қосылу, сараланған тарифтерді қолдану және коммуналдық қызметтерді көрсетудің өзге де аспектілері мәселелері бойынша жүгіне алады. Цифрлық бақылауды дамыту және санкцияларды қолдануды күшейту реттеудің ашықтығына қосымша кепілдіктер береді, жеткізушілер тарапынан теріс пайдалану мүмкіндіктерін азайтады және әрбір тұтынушының мүддесін шынайы қорғауды қамтамасыз етеді.