Жаңалықтар

Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша үздік 10 елдің қатарына енді

Қазақстан онлайн-қызметтер индексі бойынша үздік 10 елдің қатарына енді

Қазақстан БҰҰ-ның 2024 жылғы жаһандық Онлайн-қызметтер индексінде (Online Service Index, OSI) 10-шы орынға көтеріліп, цифрлық көшбасшы мәртебесін нығайтты. Алда тек цифрлық инфрақұрылымы барынша дамыған мемлекеттер орналасқан, сонымен қатар Қазақстан ТМД мен Орталық Азияның барлық елдерін басып озды. Бірінші орынды Оңтүстік Корея (бағасы — 1,00) сақтап қалды, ал «технологиялық алып» деп танылған Жапония Қазақстаннан тек бір саты жоғары орналасты. Салыстыру үшін: Армения 53-ші, Ресей — 56-шы, Өзбекстан — 59-шы, Қырғызстан — 89-шы, ал Түрікменстан 172-ші орынды иеленді.

Қазақстанның бұл жоғары нәтижесі электрондық үкімет және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру саласындағы жүйелі реформаларға негізделген. Ең айқын мысалдардың бірі — инженерлік желілерге қосылу үшін техникалық шарттарды (ТШ) беру процесін цифрландыру. Жобаны ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп жүзеге асырды. Енді ТШ-ны бірқатар біріктірілген платформалар: «Монополист» базасы, «Мемлекеттік қала құрылысы кадастры» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі («МҚҚ» ААЖ), e-Gov порталы арқылы қашықтан немесе дәстүрлі түрде — табиғи монополия субъектісінің кеңсесі арқылы алуға болады.

Жұмыс алгоритмі қарапайым: өтініш беруші «Монополист» базасында «ТШ-ға сұраныс» онлайн-формасын толтырады, содан кейін сұраныс автоматты түрде «МҚҚ» ААЖ-ға өтеді, онда өзекті картографиялық деректер мен жақын маңдағы желілердің бос қуаттылықтары туралы мәліметтер қолжетімді. Мұндай деректердің бірыңғай алмасуы жеке бару қажеттілігін жояды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады және құжаттарды алу мерзімін бірнеше жұмыс күніне дейін қысқартады. Барлығы «бір терезе» принципі бойынша құрылған, ал өтінімнің мәртебесі нақты уақыт режимінде көрсетіледі.

Техникалық шарттар объектіні электр, жылу, газ және сумен жабдықтауға немесе су бұруға қосу мүмкіндігін растайтын міндетті талаптар пакеті болып табылады. Олар жаңа объектілерді салу немесе жұмыс істеп тұрғандарын қайта жаңарту, тұтынылатын қуаттылықты арттыру немесе техникалық параметрлерді өзгерту кезінде талап етіледі. Бас тарту тек бос қуаттар немесе тиісті инфрақұрылым болмаған жағдайда ғана мүмкін болады. Процесті автоматтандыру бұл ережелерді барлық өтініш берушілер үшін ашық әрі біріңғай етеді.

Электрондық сервистерді ілгерілету азаматтар мен бизнеске жеңілдік жасап қана қоймай, сонымен бірге болжамды әрі қолайлы реттеушілік ортаны құра отырып, елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Қазақстанның OSI рейтингінің үздік 10 елінің қатарына енуі цифрландыру стратегиясының айтарлықтай нәтиже беретінін, ал платформалық шешімдерді дамыту — ТҮКШ, қала құрылысы немесе өзге де салаларда болсын — одан әрі өсудің басты драйвері болып қала беретінін дәлелдейді.
2026-07-28 16:34