Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті: IV тоқсанда коммуналдық тарифтердің жаңа өсімі болмайды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің реттелетін тарифтердің өсу қарқынын қайта қарау туралы шешіміне сәйкес, Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті мынаны хабарлайды: 2025 жылдың төртінші тоқсанында реттелетін коммуналдық тарифтер бойынша жаңа өсімді бекіту жоспарланып отырған жоқ.
Сонымен қатар, олардың өсу қарқыны төмендейді. Жоспарланған өсу қарқынын бәсеңдету көрсеткіштері:
- Электр және жылумен жабдықтау бойынша: 35%-дан 20%-ға дейін;
- Сумен жабдықтау, су бұру және газбен жабдықтау бойынша: 50%-дан 30%-ға дейін.
Бұл шешім мынадай шаралардың арқасында мүмкін болды:
- Бұрын жоспарланған тарифтік түзетулердің бір бөлігін кейінгі мерзімге ауыстыру;
- Ұзақ мерзімді қаржыландыруды тарту;
- Табиғи монополиялар субъектілерінің операциялық шығындарын оңтайландыру;
- Уақытша өтемдік тарифтерді қолдану;
- Өткен жылыту сезоны үшін жылу энергиясына қайта есептеу жүргізу.
Бастапқыда 2025 жылы коммуналдық тарифтердің өсуі инфляцияға 1,32 пайыздық тармақ деңгейінде әсер етеді деп болжанған еді. Қабылданған шараларға байланысты бұл көрсеткіш 0,82 п.т. дейін төмендейді, бұл экономикаға түсетін инфляциялық қысымды азайтады.
Қабылданған шаралар мыналарға бағытталған:
- Азаматтардың сатып алу қабілетін қолдау;
- Баға күтулерін тұрақтандыру;
- Коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуі.
Келешекте тарифтерді көтеру халықтың әлеуметтік сезімталдығын және мемлекеттік экономикалық саясаттың басымдықтарын ескере отырып, теңгерімді түрде жүзеге асырылатын болады.
Бұған дейін инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жаңа тарифтік саясатты іске асыру аясында тарифтерді кезең-кезеңмен көтеру көзделген болатын. Бұл шаралар мыналар үшін қажет еді:
- Желілерді жаңартуға инвестициялар тарту;
- Табиғи монополиялар саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру;
- Электр энергиясына, көмірге және отынға бағаның өсуін өтеу.
